egemen.kz: Уран өндірісінің ақсақалдары

Әлемдік уран өндіруші компанияларының көшін бастаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тағы бір үлкен оқиғаға ұйытқы болды. 2017 жылдың 21 сәуірі күні Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» АҚ арасындағы «Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми-оқыту орталығын» құру туралы келісімге қол қойылды. Ең маңыздысы, 26 мыңнан астам қызметкері бар «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының Ақсақалдар кеңесі құрметті профессорлар құрамындағы байырғы мамандар арнайы курстардан өтіп, Халықаралық орталықта дәріс беру ісіне тартылмақ. Осылайша, егемендіктің елең-алаңында үзілген кешегі буын мен келешектің кадрлары арасындағы тәжірибе алмасудың алтын көпірі қайта жалғасады. – Еліміздің атом өндірісі саласы үшін халықаралық білім беру орталығының ашылуы айрықша маңызды оқиға. Қазақстан бүгінгі таңда уран қоры бойынша Австралиядан кейінгі екінші орын алады.
Ал уран өндірісінде дүние жүзі бойынша бірінші орында. Бүкіл әлем бойынша алынатын уранның 40 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Қазақстан осы саланың көшбасшысы болғандықтан, біздің осы жылдарда уран өндіру, экспорттаудағы жинаған тәжірибеміз, кадрларымыз бен технологияларымызды басқа елдер мойындаған. Және Қазатомөнеркәсіптің Қытай, Жапония, Франция сияқты бірқатар елдердің мамандарымен бірлескен кәсіпорындары бар. Шетелдік әріптестеріміз әр кез қызметімізге қызығушылық танытады. Қазір жаңа технологияларды жасап жатырмыз. Соның ішіндегі мобильді қайта өңдеу кешені көптеген елдердің қызығушылығын туғызып отыр. Қазірдің өзінде мобильді кешенді сатып алуға ұсыныс білдірген елдер бар. Бұл кешен табиғи уран өндірісі үшін ғана емес, ғылым үшін де өте маңызды, – деді ұлттық атом компаниясының Өндіріс және ЯОЦ жөніндегі бас директоры Бауыржан Ыбыраев. – Оның үстіне, Мемлекет басшысы цифрлы технологияларды қолдануды, кен өндірісі кешенін дамытуды және білім беру жүйесін өзгертуді қамтитын экономиканы технологиялық жаңғырту мен адами капиталды жақсартудың маңыздылығын атап, нақты тапсырма жүктеп отыр. Сонан соң, әрине, Қазатомөнеркәсіптің жетекшілік орнын сақтап қалу үшін бірінші кезекте бәсекеге қабілетті кадрлар қажет. Сондықтан, ұстаздар құрамына бай тәжірибе мен бағалы білімге атом саласының ардагерлері де еніп отыр. Ақсақалдар кеңесі Қазатомөнеркәсіптің бірегей тәжірибесінің сабақтастық мектебіне айналады, – деді Бауыржан Ыбыраев.
– Бүгін қол қойылған келісімшарт пен халықаралық білім беру орталығының ашылуы екіжақты келіссөздердің нәтижесінде, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төр- ағасы Асқар Жұмағалиевтің ұсынысымен жүзеге асты. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ пен Қазақ ұлттық технологиялық зерттеу институты бірігіп біраз жұмыс атқарды. Орталық білім берумен қатар, ғылыми-зерттеулерді қоса жүргізетін болады. Бұл өз кезегінде атом саласындағы ізденістерге серпін береді. Бір жағынан орталықтың жұмысына «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген өте тәжірибелі, байырғы мамандарды шақырып отырмыз. Олар жас кадрларға өз білгендерін үйретеді. Бұдан да басқа, орталықта өндірісті автоматтандыру саласындағы білімді жетілдірудің арнайы бағдарламасы жасалды. Оған қоса мұнда ағылшын тілінің де деңгейін көтеруге болады. Сол сияқты, алдағы уақытта орталық біртіндеп басқа мемлекеттердің атом өнеркәсібі салаларымен технологиялар, тәжірибе мен білім алмасуға көшеді, – деді Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті ректоры Искандер Бейсембетов.
Искандер Бейсембетов «Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми-оқыту орталығы – жоғары білікті мамандар дайындаудың бірегей алаңы екені айта келе, «Ғылым мен өндірістегі кәсіпқой кадрлардың бірлескен іс-қимылы атом саласының одан әрі дамуына синергетикалық серпін береді», деді. Ректордың айтуынша, мамандар дайындаудағы іріктеу өте қатаң болады. Халықаралық орталықта уран өндірісі саласындағы негізгі геология, кен ісі, металлургия, технологиялық машиналар мен құрал-жабдықтар, автоматтандыру мен басқару, электро энергетикасы мамандықтары бойынша кадрлар дайындайды. Аталған бағыттар бойынша бастапқыда 10-20 шақты маманнан оқытылып, содан кейін жыл сайын олардың саны көбейтіле бермек.
Ендігі жерде халықаралық орталықтың міндетіне – Қазақстанның атом саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлау, соның ішінде шетелдік студенттерді оқыту да кіреді. Оқу орны Қазатомөнеркәсіпке қажетті бағыттар бойынша әдістер мен технология- ларды жетілдірумен, сондай-ақ, атом ғылымы мен өндірісінің маңызды мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен шұғылданады. Келісімнің шарттарына сәйкес, ҚазҰТЗУ магистранттары Қазатомөнеркәсіп бөлімшелерінде тәжірибеден өте алады. Сонымен қатар, компания университет студенттері мен қызметкерлерінің ғылыми-зерттеулері, курстық және дипломдық жобаларының үздік нәтижелерін өндіріске енгізуіне ықпал ететін болады. Орталықтың оқу бағдарламасы геология және уран кен орындарын барлау, сирек және сирек жер металдар металлургиясы, өндірістік процестерді автоматтандыру сияқты негізгі пәндерді қамтиды. Сонымен қатар, пәндердің біраз бөлігі ағылшын тілінде оқытылмақ. Халықаралық мәртебесіне сай, мұнда басқа елдерден де студенттер қабылдау көзделген. Қазірдің өзінде қызығушылық танытып отырғандар баршылық. Сол сияқты, халықаралық орталықтың атом өнеркәсібі дамыған елдердің университеттерімен байланыста болуы қарастырылған. Сонымен, «Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми-оқыту орталығын» құру туралы екіжақты келісімге қол қойылғаннан кейін, құрметті профессорлар құрамындағы еңбек сіңірген қызметкерлер мен ардагерлер марапатталды.
Ерен еңбегі және отандық атом өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды. Ең бастысы, Ақсақалдар кеңесі құрамындағы байырғы кадрлардың өзі арнайы семинар, сабақтар арқылы кәсіпқой тұрғыда дәріс беруге үйретіледі. – Бүгін біз ерекше оқиғаға куә болып отырмыз. Бұл күннің бағасын 10 шақты жылдардан кейін біле бастайтын боламыз. Қазақстанның атом өндірісі осы уақыт- қа дейін қандай тәжірибе мен технологияларға қол жеткізді? Ендігі міндет соны сақтап, сапаландырып, кейінгі буынға қалдыруымыз керек. Кезінде біз де бәрін нөлден бастадық. Геоло- гиялық барлау мен өндіріске біртіндеп қол жеткіздік. Білімімізді байыттық. 20 шақты жылдың ішінде тамаша база жасақтадық. Алайда 90-жылдары үлкен үзіліс болды. Жақсы кадрларымыздың көбін жоғалтып алдық. Білім мен тәжірибе деген екі түрлі нәрсе. Теорияда біліп тұруың мүмкін, бірақ ол өндірісте қалай нақты іске асырылады. Маңыздысы сол. Осы отырған ақсақалдардың ішінде бүкіл өмірін уран өндірісіне арнап, әбден тәжірибе жинақтап, талай ғылыми мақалалар мен зерттеу жұмыстарын жазған адамдар бар. Осы Ақсақалдар кеңесінен талантты оқытушылар табылуы әбден мүмкін, − деді Анатолий Бегун.