Ресми рәміздер
Сәтбаев университетінің ресми рәміздері
Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі университетке 1999 жылы берілді. Ал 2017 жылы Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің атауы Сәтбаев университеті болып өзгертіліп, сәйкесінше, оның логотипі мен өзіндік стилі де өзгерді.
Сәтбаев университетінің жаңа логотипі ашық тұрған ғылыми оқулыққа ұқсайды. Ал ондағы этникалық элементтер мен қалқанның геральдикалық үлгілері әр кезде де өзектілікті, сенімділікті, тұрақтылық пен мықтылықты бейнелейді.
Мебиус лентасы Сәтбаев университеті рәміздерінің бір белгісі ретінде 2003 жылы 9 желтоқсанда қабылданған. Бұл ежелден бері белгілі фигура. Ертеде азиялық скифтер мен сақтар аңдардың мүсіндерін «теріс аударған» күйінде суреттеген. Ол мүсін кейін арабтарға өтіп, олар оны Европаға әкелген. Ал немістің ғалымы Мебиус бұл мүсінге математикалық тұрғыдан талдау жасаған. Сөйтіп ол білім-ғылымның белгісіне, символына айналған. Осы Мебиус лентасын Сәтбаев университетінің қазіргі заманғы бір белгісі ретінде қолдануды белгілі архитектор, университеттің түлегі Сәкен Нарынов ұсынған болатын.
Сәтбаев университетінің байрағы – ортасында университеттің логотипі салынған ақ түсті ту. Ақ түс тазалықтың, сенімділіктің, жетістіктің символы ретінде әдейі таңдап алынған. Ал көгілдір түсті ою – тыныштықтың, бейбітшілік пен бірліктің белгісі. Ұлттық ою-өрнек университеттің жоғары дәрежесінен белгі береді.
Сәтбаев университетінің әнұранын Досым Сүлеев пен Ұлықпан Сыдықов, Мұрат және Данияр Құсайыновтар бірлесіп шығарған. Ол асқақ арманға, жетістікке жету жолында шабыт беріп, жастардың жүрегіне болашаққа деген сенім ұялатады.
Сәтбаев университетінің әнұраны
Өлеңі: Ұлықпан Сыдықов
Әні: Мұрат Құсайынов, Досым Сүлеев, Данияр Құсайынов
Зерделі білім ордасы,
Елдің даңқын көкке асырған.
Жастар мен өнер-білім жол басы,
Алдымнан бақ боп ашылған.
Кен ашып дархан даламнан,
Сыр тартатын тылсым қашықтан.
Маманбыз, ҚазҰТУ-дан нәр алған,
Үмітпен алға асыққан.
Қайырмасы:
ҚазҰТУ – ардағым,
Алаулаған арманым,
Қанаттанып өзіңнен,
Болашаққа самғадым.
Жалынды жас шағым,
Арайланған ақ таңым,
Құшағыңнан қуат ап,
Өмір жолын бастадым, бастадым.
Тамырын жайып жататын,
Ізгілік нұр сәуле шашатын.
Ғылымның даңғыл жолын ашатын,
ҚазҰТУ мәңгі жасасын.