Мемлекеттік білім беру гранттарын еңбекпен өтеу
2021 жылдан бастап мемлекеттік білім беру гранты бойынша мемлекет есебінен оқыған бакалавриат түлектері, магистранттар мен докторанттар университетті бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Түлектер меншік нысанына қарамастан ұйымдарда мамандығы бойынша белгіленген мерзімде жұмыс істей алады.
Сонымен қатар грант иегерін мемлекет тарапынан оқытуға кеткен шығындарды өтейтін норма енгізілді, ол нақты оқыған оқу мерзіміне пара-пар болады. Яғни, егер студент екі жыл грантта оқып, кейін ақылы оқу формасына ауысса, онда ол ақысыз білім алған жылдар санына сәйкес уақытты еңбекпен өтеуі тиіс. Дәл осындай ереже ақылы негізде оқитын студенттер бос орындарға конкурс арқылы грант бойынша оқуға түскен жағдайда да қолданылады.
Гранттық негізде оқып шыққан студентке мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға қанша уақыт беріледі?
Жұмысқа жолдаманы түлектерді бөлу жөніндегі комиссия алдын ала береді, ал ол комиссия университет жанынан құралады. Түлек оқуды бітірген жылы 1 қыркүйектен бастап жұмыс істеуі керек.
Мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған түлектерге қандай жауапкершілік жүктеледі?
Жоғарыда көрсетілген міндеттемелер орындалмаған жағдайда оқу шығындарын өтеу жөніндегі жауапкершілік қарастырылған.
Қандай жағдайда мемлекеттік грантты өтеу міндетті емес?
Оқу ақысы толығымен төленген жағдайда, сондай-ақ мынадай жағдайларда:
- тұрғылықты жерде, жұмыс орнында немесе жұбайы қызмет ететінде жерде мамандығы бойынша бос жұмыс орны табылмаса;
- I және II топтағы мүгедектігі болса;
- оқуын одан әрі жалғастыру үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде магистратураға, докторантураға немесе резидентураға оқуға түскен жағдайда;
- екіқабат әйелдерге;
- үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) жалғыз өзі тәрбиелеп, өсіріп отырған тұлғаларға
мемлекеттік грантты өтеу міндетті емес.
Гранттарды өтеу жөніндегі ақпаратты жылдам алу үшін ҚР ҒЖБМ-нің Telegram-дағы FINCENTER ботын пайдаланыңыз, ол жерде ҚР ҒЖБМ «Қаржы орталығы» АҚ-ның бағдарламалары мен еңбекпен өтеу туралы барлық қажетті ақпарат берілген.