«Қазақстан халқына» қорының гранттары
«Қазақстан халқына» қорының білім беру гранттары бағдарламасы ауыл мектептерінің түлектері мен халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарынан шыққан студенттердің білім алуы және еліміздегі осы санаттағы азаматтардың жоғары білім алуға қолжетімділігін арттыру мақсатында ұсынылады.
Бағдарлама сондай-ақ 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балаларына және сол кезде зардап шеккен балаларға қолдау көрсетуге бағытталып, олардың жоғары білім алуы үшін білім гранттарын беруді қарастырады. Оқу бітіріп шыққаннан кейін оларға «бакалавр» дәрежесі беріледі.
Бағдарламаға Қазақстан Республикасының 29 жасқа дейінгі азаматтары қатыса алады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім гранттарын 2022–2023 оқу жылынан бастап жыл сайын мына талапкерлерге беру жоспарлануда:
1) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы берілген жоғары оқу орындарының тiзiмiне енгiзiлген жоғары оқу орындарының күндiзгi оқу бөлімі бойынша оқуға түсушi талапкерлерге;
2) жоғары оқу орындарының студенттеріне бакалавриат бағдарламасы бойынша күндізгі оқу бөлімінде оқуларын жалғастыру үшін.
Грантқа іріктеу мына критерийлерге сәйкес жүргізіледі:
- ауылдық жерлердегі әлеуметтік жағдайы төмен топтардан шыққан балаларға;
- жетім балаларға немесе кәмелеттік жасқа толғанша ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға;
- мүгедектігі бар жандарға;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған толық емес отбасы балаларына;
- ата-анасы немесе ата-анасының бірі мүгедек деп саналатын отбасы балаларына;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғасында қаза тапқан ҚР азаматтарының балаларына;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғасында жарақат алған балаларға.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім гранттары жыл сайын 10 қыркүйектен кешіктірілмей беріледі.
Қордың көмегіне жүгіну үшін өтініш берердің алдында оның жұмыс бағыттарымен танысуды және бірінші кезекте көмек көрсетілетін жандардың тізімімен танысуды ұсынамыз.