Мемлекеттік сатып алу секторы
Мемлекеттік сатып алу секторы (бұдан әрі – МСБ) «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КЕАҚ (бұдан әрі – «ҚазҰТЗУ» КЕАҚ) Құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу басқармасының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Сектор штаты меңгерушіден, бас менеджерлерден, бас және жетекші мамандардан тұрады.
Сектор қызметкерлері арасындағы міндеттерді бөлуді Сектордың жүктемесіне, жұмыс көлеміне және лауазымдық нұсқаулықтарға сәйкес сектор меңгерушісі жүзеге асырады.
Секторды қолданыстағы еңбек заңнамасы мен ішкі нормативтік құжаттарда белгіленген тәртіппен уәкілетті тұлғаның ұсынысы бойынша қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын Сектор меңгерушісі басқарады.
Өз қызметінде Сектор Құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығына бағынады.
Қызметтің құқықтық негіздері
Сектор өз қызметінде келесілерді басшылыққа алады:
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңын, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын және «ҚазҰТЗУ» КЕАҚ Жарғысын;
«ҚазҰТЗУ» КЕАҚ-тың сапа саласындағы Саясаты мен Мақсаттарын, Сапа жөніндегі нұсқаулықты және университеттің сапа менеджменті жүйесінің (СМЖ) басқа да нормативтік құжаттарын;
«ҚазҰТЗУ» КЕАҚ бойынша бұйрықтар мен өкімдерді, осы Ережені және басқа да нормативтік құжаттарды.
Мемлекеттік сатып алу секторы өз қызметінде келесілерді жүзеге асырады:
- мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) әзірлеу және бекіту;
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдеріне сәйкес өнім берушіні таңдау және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу.
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасы мен сапасы арақатынасын қамтамасыз ету арқылы оңтайлы және тиімді жұмсау;
2) осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;
3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;
4) мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы;
5) қазақстандық тауар өндірушілерге, жұмыстарды орындаушылар мен қызметтерді көрсетушілерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;
6) мемлекеттік сатып алу субъектілерінің жауапкершілігі;
7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына, мүдделер қақтығысына жол бермеу;
8) орнықты мемлекеттік сатып алуды дамыту.