27 желтоқсан 1424

Ғылыми зерттеулерге – басым бағыт

  – Техникалық университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың басым бағыттарының бірі ол бүгінгі таңдағы өндірістің нақты технологиялық түйткілдерін шешуге басымдық беру. Сондықтан да ҚазҰТЗУ-дағы бұл саладағы жұмыс өнеркәсіп орындарының іс-қызметімен үйлестіруге бағытталған. Көздеген мақсат – зерттеу жұмыстарының нәтижесін коммерцияландыру, сөйтіп оны өндіріске енгізу. Осы тұрғыда мұнай өндіретін, тау-кен саласының, машина жасау және тұрғын үй-коммуналдық сектордың бірқатар кәсіпорындарына бару, олардың жұмыстарымен танысу ұйымдастырылып келеді.
    Жалпы күтетін нәтиже – ғалымдардың зерттеу көзіне айналып отырған бүгінгі кәсіпорындардың ғылыми-техникалық түйткілді мәселелерін анықтау, оларды жинақтау. Университетте осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл тұрғыда өндіріс орындары бізбен бизнес-серіктес болады немесе біздің зерт­теулерімізді қаржы жағынан қолдайтын шығар деп ойлаймыз.
    Әрине, өндіріспен арадағы өзара іс-қимыл-байланыс маңызын жоймайды, десе де, бұл жұмысты жандандырудың жолдары әртүрлі. Айталық, жаңа оқу жылынан бастап, өндірістің технологиялық түйткілді мәселелерін талқылау үшін университет қабырғасында өнеркәсіп орындарының өкілдері мен ғылыми сала өкілдерін қатыстыра отырып, екіжақты кездесулер ұйымдастыру жүзеге асырыла бастады. Оның бір ұтымды тұсы – мұндай сындарлы әңгімеге көптеген ғылыми зерттеушілермен қатар, студент жастар да қызыға қатысуда. Осындай игі істердің нәтижесінде нақты бір зерттеулермен айналысатын, өздерінің зерттеулерінің қорытындыларын өндіріске енгізуге әзір бірқатар белсенді ғалымдар тобы қалыптасты десек те болады. Мұның өзі ғылыми-инновациялық іс-қызметтің стратегиясын дайындауға жақсы мүмкіндік беріп отыр. Әрі зерттеу жұмыстары кезінде қандай қиындықтар кездесетінін білуімізге, нақты ғылыми потенциалымыздың қандай деңгейде екенін анықтауға да септігін тигізуде.
    Зерттеу жұмыстарының нәтижелі болуы үшін онымен шұғылданатын адамдарға жағдай жасауға университеттегі Ғылым департаменті үлкен мән беруде. Сонымен қатар, зерттеу саласында болып жатқан жаңалықтардан ғалымның хабардар болуы, жарияланатын жеке ғылыми мақалаларының сапалы әзірленуі сияқты мәселелерге де үлкен мән берілуде.
    2010 жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда жаңа оқу орны – «Назарбаев университеті» ашылды. Әлемдік стандартқа сай құрылған оқу орны – отандық білім берудің ең үздік үлгісі болуда. Университет миссиясы – Қазақстанда білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына жол көрсету, сонымен қатар, Астананың Еуразия орталығында зерттеу және білім беру орталығын қалыптастыру болып отыр. Өркениеттің озық үлгісіне сай, қазақстандық үздік халықаралық білім үлгісін, ғылыми тәжірибені ұштастыратын ұлттық бренд ретінде қалыптасып келе жатқан бұл оқу орнына түсу кез келген жастардың арманы.
    «Назарбаев университетінің» мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстары саласында өзін көрсете білген, оқытушылықпен айналысқан профессорларды тарту және ынталандыру. Мәселен, ғылым және технология мектебінде профессорлық-оқытушылық құрамның жұмысы Scopus және WebofScience-тің библиографиялық дерекқорына енген, халықаралық рецензияланған журналдарда жарық көрген ғылыми жұмыстарына қарап бағаланады. Қазіргі таңда Қазақстанда екі инновациялық кластер жұмыс істейді. Оның бірі «Назарбаев университеті» жанында да екіншісі «Инновациялық технологиялар паркінде». Ал, Инновациялық технологиялар паркінің мақсаты – жаңа технологияларды жедел дамыту және өңдеу, зерттеу жұмыстарының қарқынын күшейту және оларды коммерциялауға жағдай жасау. «Назарбаев университеті» тәжірибесінің үлгі негізімен, ҚР БжҒМ басшылығымен 2015 жылы ҚазҰТУ мен Қазақ-Британ техникалық университетінің бірігуі нәтижесінде «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.
    Өткен жыл университет тарихында айрықша дүниелерімен есте қалды. ҚР Үкіметінің қаулысымен оқу орны Қазақстандағы алғашқы ұлттық техникалық зерттеу университеті болды. Және Елбасының Жарлығымен Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-ға айрықша мәртебе берілді. Президент Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарудың бағыттары жайында айтылған болатын. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан экономикасына негізі зерттеу университеттері мен инновациялық кластерлер болатын тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру керектігін айтып өткен еді. Мемлекет басшысы смарт-технологияны, киберфизикалық жүйені, энергетиканы, жобалау мен инжинирингті дамытуға көңіл бөлу керектігін де айтқан болатын. Біздің университетіміз инновациялық технологияларды өңдеуге, жобалар жасауға белсенді қатысып келеді. Біздің алдағы 3-5 жылдағы жоспарымыз бойынша, шетелдік мықты серіктестермен ынтымақтастық негізінде құрылған арнайы магистрлік бағдарлама аясында әр институт алыс шетелдерде 50 талантты магистр мен доктор даярламақ. Жетістіктерге жету үшін университетте болашақта оқу орнының абыройын асқақтататын талантты студенттер оқу керек. Сонымен қатар, білім алушыларды зертханада жұмыс істеуге, аналитикалық және сыни тұрғыдан ойлауға, ғылым мен өндірісті байланыстыруға үйрететін оқытушылар мен ғалымдар қажет. Материалдық-техникалық база мен осындай көрсеткіштер университетке үлкен абырой-бедел әкелмек.
    Халықаралық журналдарға ғылыми мақалалар жазу, ғылыми зерттеулерін қаржыландыру үшін өтініш беру секілді мәселелерге қатысты арналған семинарлар да өткізілуде.
    Сол сияқты, Эльзевир немесе Томпсон Ройтер секілді ғылыми бағыттағы мәліметтер базасына ғалымдардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету де назардан тыс қалған емес.
    Университеттің «ҚазҰТЗУ жаршысы» журналы бар. Оған жас ғалымдар зерттеу мақалаларын беріп жүр. Оны халықаралық талапқа сай шығаратын ғылыми басылым деңгейіне көтеру қажет.
    Ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінің өндіріске енгізілуі – ғылыми-инновациялық іс-қызметтің маңызды көрсеткіші дер едік. Бұл тұрғыда бізде коммерцияландыру Кеңсесі құрылған. Ол университет ғалымдары зерттеулерінің нәтижелі болуын қадағалаумен қатар оның өндіріске енгізілуіне шейін ықпал-көмегін жасайды. Мұндай Кеңсе өзінің алғашқы жұмысын ҚазҰТЗУ-де ағымдағы зерттеу жұмыстарына талдау жасаудан бастады, ғалымдардың тәжірибе-констукторлық жұмыстарын аяқтау үшін қаржыландыру көздерін іздеуге ықпал етті. Университетте интеллектуальды меншікті басқару саясатықалыптасты.
    ҒЗЖ үшін өндірістік базаны нығайту күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп, университет базасында озық үлгідегі ғылыми-өндірістік кешен (Инженерлік орталық) құру қажет деп шешілді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жақсы қадамдар бар. Инженерлік Орталық ғалымдардың ғылыми және кәсіпкерлік ықылас-ынтасын қолдап отырады.Оларға өндірісте күр­делі өнімдер шығару үшін жоғары технологиялық жабдықтық-қондырғылар алуларына ұсыныс жасайды. Сонымен қатар, Орталық студенттердің тәжірибе жинақтайтын оқу базасына да айналды. Оның пайдасы сонда, қолына диплом алған түлектеріміз өндірістің жоғарытехнологиялық кейбір элементтерімен осы университет қабырғасында жүргенде-ақ алдын ала таныса алады.
    Университет қызметкерлерінің, әсіресе, студент­тер мен жастардың шығармашылық ынтамен жұмыс істеуінен көріп, біліп, байқағанымыздай, бізде әлі де іске қосылмаған ішкі мүмкіндіктеріміздің бар екеніне көз жеткіздік. Осы мақсатта креативті өнер­тапқыштар үшін бизнес-инкубатор құруды жос­парлап отырмыз.

Алматы қ, 02.12.2016, Экономика № 49 (483), economics.kazgazeta.kz/?p=18766

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Қате кетті!

Файл өлшемінің максималды шегінен асты.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Электрондық пошта мекенжайыңызға растау хаты жіберілді. Электрондық пошта мекен-жайыңызды растауды ұмытпаңыз.

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту