Атом өнеркәсібі ғылыми-оқыту орталығы құрылды
Атом өнеркәсібінің халықаралық деңгейдегі білікті мамандары енді Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде даярланатын болады.
Бірлесе маман дайындау келісімшартына білім ордасының ректоры мен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының өкілдері қол қойды.
Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші, ал оны өндіру бойынша бірінші орынды иеленеді. Сондықтан, нарықтағы жетістікті одан әрі сақтап қалу үшін кешенді жұмыспен қатар білімді әрі білікті мамандар ауадай қажет. Уран өнеркәсібінің мамандары енді жаңадан құрылған Халықаралық атом өнекәсібі ғылыми-оқыту орталығында оқытылмақ.
Бауыржан Ыбыраев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ Өндіріс және ЯОЦ бас директоры:
- Біріншіден, өзіміздің мамандардың білімін көтеру, деңгейін көтеру. Үлкен практикалық жұмыстар өткізу. Шетелдік жетістіктермен танысу. Соның бәрі осы орталықтың көмегімен оқытылады.
Орталық Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ техникалық зерттеу университетінің негізінде құрылады. Екіжақты әріптестік бойынша келісімшарты «Қазатомөнеркәсіп» пен Қазақ техникалық зерттеу университетінің басшылығы қол қойып бекітті. Сөйтіп студенттер ұлттық компанияда тәжірибеден өтіп, ұтымды жобаларын өндіріске енгізуге мүмкіндік алады.
Искандер Бейсембетов, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ректоры:
- Біз мамандарды дайындауды үш салаға бөлдік. Олар: автоматтандыру, металлургия мен геология. Аталған әрбір сала бойынша жылына 20 маман дайындаймыз.
Оқыту жүйесі заманауи білім беру ісінің инновациялық әдістемесінен ғана құралмайды. Ұлттық атом компаниясының ардагерлері мен қызметкерлерінен құрылған «Ақсақалдар кеңесі» профессорлар қауымдастығы ұстаздық етіп, студенттермен бай тәжірибелері мен бағалы білімдерімен бөліседі.
Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев