ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТКЕ МӘН БЕРІЛЕДІ
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келіп, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында болды.
Қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелерімен танысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Экономикалық аймақта операторларды, мұнай инженерлерін, бұрғылау мердігерлерін және сервистік компаниялардың техникалық кадрларын кәсіптік даярлау бойынша заманауи оқу-жаттығу орталығын, сондай-ақ заманауи импортты алмастыратын телекоммуникациялық жабдықтар өндіретін компанияны аралады. ІТ-ұйымдарының өкілдерімен кеңес өткізді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жариялаған мақсаттарға жету үшін елдің барлық ғылыми және инновациялық әлеуетін пайдалану қажет екенін тапсырған болатын. Президент оның негізінде жаңа, перспективалы технологиялар мен инновациялар болатын экономика өсімінің жаңа үлгісін құру туралы міндет қойды. Бұл Қазақстанға 2050 жылы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге мүмкіндік береді. Осы орайда Б.Сағынтаев «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы аталған міндетті іске асыруда үлкен үлес қоса алатынын айтып өтті.
ҚР Инвестициялар және даму:
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне айтылған ұсыныстарға талдау жасап, оларды «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу кезінде ескеруді міндеттеді.
ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы Елбасы Жарлығына сәйкес құрылған және ақпараттық технологиялар, электроника және құрал жасау, жаңғыртпалы энергия көздері, ресурсты үнемдеу, тиімді табиғат пайдалану және тағы басқа салаларды дамытумен айналысады.
«ИТП» АЭА 2015 жылы Үкіметпен бекітілген «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының құрамына кіреді. Ол Almaty Tech Garden қолшатыр брендінің астына Алматы қаласының жетекші ЖОО мен ҒЗИ-ның ғылыми-техникалық базасын, сонымен қатар «ИТП» АЭА-ға қатысушы компанияларды шоғырландырады. Қазіргі таңда инновациялық кластерге қатысушы 221 ұйым бар.
Премьер-министр Алматыдағы электронды билеттеу жобасы өткен жылы толық іске асырылғанына да тоқталды. Ал қала әкімі Бауыржан Байбек «Оңай» карталары бар тұрғындардың Шымбұлаққа кезексіз кіретінін және оны Алматы тұрғындарының бірыңғай картасымен біріктіретін болса, ұтымды болатынын жеткізді. Сонымен қатар жаңа жүйенің ашықтығының нәтижесінде, қала бюджетіне қаржы түсе бастағанын мысалға алды. Бұдан бөлек, көліктік заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстар жасалғаны белгілі болды.
Бақытжан Сағынтаев сапар аясында Қазақстан – Британ техникалық университеті базасында құрылған Қазақстан теңіз академиясы студенттерімен де жүздесті.
Алматы қ., 09.02.2017, "Айқын" газеті
Автор: Әмірлан МӘУЛЕН