Шағын ГЭС-тердің пайдасы зор
Дүниежүзі көз тігіп отырған Астанадағы EXPO – 2017 мамандандырылған көрмесінің «Нұр Әлем» павильонында күн, жел және су энергия көздерінің тарихына, ерекшеліктеріне байланысты жалпы мәліметтер, олардың қалай жұмыс істейтінін бейнелейтін көріністер жинақталған. Бірінші қабатта отандық 28 ғалымның балама энергия көздеріне қатысты ең озық жаңалықтары мультимедиалық құралдар арқылы көрсетілуде.
Осы ғалымдар арасында Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан инженерлік ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы Жүзбай Қасымбеков те бар.
Оның жәдігері «Деривациялық шағын гидроэлектростанса» деп аталады. Ерекшелігі – ол қолданыстағы ГЭС-тердегідей арнайы су қоймаларын салуды және су тазалайтын ірі көлемді тұндырғыштарды тұрғызуды қажет етпейді. Бұл жаңалық қазақстандық патенттермен және Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) сертификатымен бекітілген. Біз Жүзбай Қожабайұлын әр өнертапқыштың арманы болған дүниежүзілік көрмеге қатысуымен құттықтап, онда көрсетілетін отандық жаңалықтар қалай таңдалғанын сұрадық.