21 ақпан
3478
Алматыдағы электрлі автобус құрастыратын зауыт жолаушылар тасымалына дайын
Алматыда іске қосылған ТМД бойынша баламасы жоқ электрлі автобус құрастыратын зауыт жолаушылар тасымалына дайын.
Қытаймен бірлескен тың жобаның алғашқы нәтижесі көрсетілді. Заманауи қоғамдық көліктер экологиялық таза әрі үнемді.
Бір ай бұрын іске қосылған Higer Quazar зауыты Алматы қаласын бір жылда мың заманауи автобуспен қамтамасыз етуге дайын. Қазір кәсіпорында екі үлгідегі қоғамдық көлік құрастырылады. Электр қуатымен жүретін қоғамдық көліктер ең алдымен экологиялық таза және үнемді. Яғни, сұйық отынмен жүретін автобустар 300 шақырым үшін 22 мың теңгенің жанармайын жағады. Ал, Quazar автобустары аталған қашықтық үшін бар болғаны 3200 теңгенің электр қуатын пайдаланады.
Мұрат Мұсабаев, Higer Quazar зауытының бас директоры:
- Біздің автобустар электр қуатымен жүргендіктен қоршаған ортаға, адамдарға зиян қалдықтар тастамайды. Екінші жағынан, экспулатация кезінде газ және дизельмен жүретін автобустарға қарағанда, бір автобус жалпы есеппен айына 500 мың теңге үнемдейді.
Зауыт Қытайдың Higer компаниясымен бірлесе жұмыс істейді. Өйткені, аспан асты елі әлемдегі электрлі көліктердің 99%-ын өндіреді. Қытайлық компания болса біздің ғалымдардың өнертабысын жоғары бағалап, өндірісте пайдалануға келісім жасасқан. Заманауи Higer Quazar автобустары бір орталық арқылы бақыланады. Осы салада білікті маман дайындау үшін кәсіпорын іріктеуден өткен студенттерді Аспан асты еліне жіберіп білімдерін асырмақ.
Әмірбек Әбиев, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың 4 курс студенті:
- Қазақстан Республикасында алғаш жасалып жатқан электрокөліктердің және Қазақстан Республикасындағы ірі жобалардың біріне қатысуына мүмкіншілік алғаныма өте қуанамын. Бұл зауытта біздің студенттер тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибе жүзінде де білім алуда.
Айта кетейік, Германия, Норвегия, Нидерланд және Франция мемлекеттері алдағы бірнеше жылда толықтай электр қуатымен жүретін көліктерге ауыспақ. Ол үшін арнайы жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламалар жасалған. Өйткені, заманауи технологияның қоршаған экологияға зияны жоқ. Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев
Алматы қ., 21.02.2017 ж., 24.kz
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев