Хажеттепе университетімен байланыс орнату
Е. Түркебаев атындағы Жобаларды басқару институты Қазақ және орыс тілдері кафедрасының профессорлық құрамы 25 маусымда Анкара қаласындағы түрік тілін зерттеу және дамыту мәселелерімен шұғылданатын Түрік тілі мекемесінде (Türk Dil Kurumu) болып, тіл мамандарымен кездесті. Әріптестер зерттеу ұйымындағы кейінгі шыққан еңбектермен танысып, қазақ және түрік тілдеріндегі техникалық терминология мәселелері, алдағы бірігіп жүргізілетін зерттеулер, сөздіктер түзу ісі бойынша ұсыныстарды талқылады.
26 маусымда Түркиядағы QS World University Ranking бойынша үздік 700 университеттің құрамына кіретін Хажеттепе университетінде (Hacettepe University) болып, халықаралық департамент, қазіргі түркі тілдері, түркітану кафедраларының басшыларымен кездесіп, байланыс орнатылды. Университеттер арасында жасалған меморандум аясында болашақта атқарылатын академиялық ұтқырлық, біріккен ғылыми зерттеулер (жобалар), біліктілікті көтеру, тілдерді оқытудағы ғылыми теориялық тәжірибе алмасу т.б. іс-шаралар жоспарланды. Ғалымдар қазіргі түркі лингвистикасы, тілдерді оқыту мәселелерін талқылап, университеттің 24/7 жұмыс істейтін кітапханасынан қажет материалдар жинап қайтты.