Көру қабілеті нашар адамдарға арналған нұсқа
Байбатша Әділхан Бекділдаұлы

Байбатша Әділхан Бекділдаұлы

Геология-минералогия ғылымдарының докторы

Профессор

Қ. Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты

Пайдалы қазбалар кенорындарын геологиялық түсіру, іздеу және барлау кафедрасы

Email: a.baibatsha@satbayev.university

H-index:
12

Докторанттардың саны:
3

Кәсіби өмірбаяны

Туған датасы: 11 мамыр 1948 жыл. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті «Инновациялық геология-минералогия лабораториясының» меңгерушісі. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі

Жетістіктері:

1971-жылы Қазақ политехникалық институтының (қазір Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) геологиялық-барлау факультетін тәмамдаған. Институт бітірген соң, жолдамамен Қарағанды политехникалық институтына жіберіліп, мұнда 1992 жылға дейін аспиранттан геология-минералогия ғылымдарының докторына дейінгі еңбек жолынан өтті. 1979 жылы Геология кафедрасының доценті болып сайланды. 1980-1988 жж. Жезқазған филиалында доцент, факультет деканы болды. 1993-жылдан Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде профессор, кафедра меңгерушісі, оқу-әдістеме департаментінің директоры, университеттің бас ғалым хатшысы болды. 2000-2002 жж. «Ұлағат» университетінің проректоры, 2002–2006 жж. Қазақстан-Британ техникалық университетінде факультет деканы, кафедра меңгерушісі және профессор қызметін атқарды. 2006-жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Казақ ұлттық техникалық университеті «Жалпы геология, минералогия және петрография» кафедрасының меңгерушісі болып сайланды. 2012-жылдан «Инновациялық геология-минералогия зертханасының» меңгерушісі.

1977 жылы «Прогнозирование устойчивости кровли очистных выработок шахт Карагандинского бассейна по комплексу геолого-геофизических данных» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны Артем атындағы Днепропетровск кен институтының арнайыланған ғылыми кеңесінде қорғады.

1991 жылы докторлық диссертацияны «Закономерности формирования инженерно-геологических условий месторождений в терригенных формациях Центрального Казахстана» деген тақырыпта Ленинград кен институтының арнайыланған ғылыми кеңесінде қорғады.

1994 ж. ҚазҰТУ-дың ұсынысымен профессор атағын алды.

2008 ж. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі болып сайланды.

Ә.Б. Байбатша 25.00.08 «Инженерлік геология, тоңтану және грунттану» мамандығы бойынша Қазақстандағы алғашқы ғылым докторы.

Ғылымға қосқан үлесі – Әлемнің көптеген елдерінде өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысқан. 2008 жылы Ослода (Норвегия) өткен 33-ші, 2012 жылы Брисбенде (Австралия) болған 34-ші және 2016 жылы Кейптаунда (Оңтүстік Африка Республикасы) 35-ші Халықаралық Геологиялық конгреске қатысып, баяндама жасаған.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаржыландырылған көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетекшісі. Сонымен қатар Қазақстанның геологиялық құрылысы мен геодинамикалық дамуының жаңа ғылыми моделін әзірлеуде.

Негізгі шығармашылығы кенорындарды ұтымды әрі қауіпсіз игеру жағдайларын анықтайтын табиғи және техногендік факторларды бағалау мен болжаудың теориялық-әдістемелік ережелерін жасау проблемасына арналған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын Қарағанды тас көмір алабының шахталарында, Жезқазған мыс-полиметалл кенорнының кеніштерінде, Бестөбе алтын кенорнында, Белогорск (Кенді Алтай) сирек металдар кен-комбинатында, Итауыз бен Жаман Айбат мыс кенорындарында, Майкөбе қоңыр көмір алабында және басқа кенорындарда жүргізген. Зерттеу нәтижелері кеніштерді жобалау мен салуда, жерасты және ашақ тәсілдермен кен қазу жұмыстарын (ГИПРОЦвемет–Москва, ГИПРОуголь–Қарағанды, ЖНИПИцветмет–Жезқазған және басқа мекемелер) жоспарлауда пайдаланылған. Итауыз кенорны (1987) мен Жезқазған кенорнының терең горизонттарын зерттеу бойынша (1988) геологиялық есепнамалары КСРО-ның Қор бойынша Мемлекеттік комиссиясында қорғалған.

Қазақ даласының ежелгі тарихын және Қазақ хандығы құрылғанына биыл 550 жыл болғанын әйгілеген ұлы тарихи тұлға Мұхаммед Хайдар Дулатитің мұрасын зерттеумен айналысады. Елімізде тұңғыш рет “Қазақстанның антропогендік тарихы (Алматы, Ғылым, 2003 – 296 б.)” және “Антропогеновая история Казахстана (Алматы, Ғылым, 2003 – 296 с.)” монографияларын жариялады. Бұл еңбектерді Елбасы жоғары бағалап Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің Мұражайына тапсырған.

Жалпы саны 580-ден астам ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде 50 кітап (монографиялар, оқулықтар, оқу құралджары ) және 1 авторлық куәлік бар. Жоғары оқу орындарында білім беруде мемлекеттік тілді дамытуға да елеулі үлес қосып келеді. Қазақ тілінде 18 оқулық, әдістемелік нұсқаулар, нормативтік құжаттар (Нұсқаулықтар) мен терминологиялық сөздіктер даярлаған. 2012 жылы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған академик А.Г. Бетехтиннің әйгілі «Минералогиясын, 736 б.» қазақ тіліне аударып шығарды. Қазір белгілі америкалық ғалымдардың «Геохимия» монографиясын ағылшын тілінен қазақшаға аударуда. Шығарған еңбектерінің ішінде көпшілік оқырманға арналған ғылыми-танымдық Қазақстанның антропогендік тарихы. Алматы, Ғылым, 2003. - 296 б.; Антропогеновая история Казахстана. Монография. Алматы, Ғылым, 2003. - 296 б.; Мұхаммед Хайдар Дулати: Ататегі мен өмірбаяны. Алматы, Арыс. 2009. – 240 б.; Мұхаммед Хайдар Дулати: Моголстан хандары. Монография. Алматы, Арыс. 2009. - 248 б.; Антропогеновая история Казахстана. Қазақстан антропогендік тарихы, Сөздік-Словарь, 2011. - 496 с. және Anthropogenic history of Kazakhstan. - Almaty, 2012. - 278 p. кітаптары бар.

Халықаралық седиментологтар ассоциациясының, Еуропаның геология және инженерлер ассоциациясының мүшесі. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының Геология және кен бөлімінің ғылыми кеңесшісі, «ҚР Ұлттық ғылым академисының хабарлары, геология және техникалық ғылымдар сериясы» редколлегиясының мүшесі,

Техника, геология және мұнай-газ мамандықтыры бойынша PhD докторы диссертациясын қорғау диссертациялық кеңесінің төрағасы (2011-2012 жж.), төраға орынбасары және мүшесі (2013-2020 жж.). Бес PhD докторын және көптеген магистрлер даярлап шығарған.

Мемлекеттік марапаттары:

2007 жылы «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» атағымен; 2008 жылы ҚазҰТУ-дың «Айрықша еңбегі үшін» медалімен; 2010 жылы Қазақстан жаратылыстану ғылымдары саласындағы айрықша ғылыми зерттеулері үшін I дәрежелі мемлекеттік Қ.И. Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері; 2012 жылы ҚР ЖОО Ассоциациясының Ы. Алтынсарин атындағы қола медалімен; 2014 жылы «ЖОО саңлақ оқытушысы» атағымен; 2015 жылы «Қазақстан ғылымы мен техникасын дамытуға сіңірген айрықша еңбегі үшін Мемлекеттік ғылыми стипендиясының» иегері; 2016 жылы геология саласындағы жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы жер қойнауын барлаудың үздігі» атағымен; 2018 жылы ҚР ЖОО Ассоциациясының Ы. Алтынсарин атындағы күміс медалімен; 2019 жылы ҚР БҒМ Құрмет грамотасымен марапатталған. Қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің "Еңбек ардагері" медалімен марапатталған (2020). 2021 жылы университеттің дамуына қосқан үлесі және университеттің ғылыми өміріне белсенді қатысқаны үшін К. И. Сатпаев атындағы ҚазҰТЗУ-ң алтын медалімен марапатталды.  Білім мен ғылымды дамытуға қосқан ерекше үлесі, сондай-ақ жоғары білікті мамандарды даярлауға қосқан үлкен үлесі үшін Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының А.Байтұрсынов орденімен марапатталды.

Білімі

1971 жылы Қазақ политехникалық институтының геологиялық барлау факультетінің "Геологиялық түсіру және пайдалы қазбалар кенорындарын іздеу" мамандығы бойынша бітірді. 1992 жылы Қарағанды политехникалық институтына (КарПТИ) жіберіліп, онда аспиранттан геология-минералогия ғылымдарының докторына дейін еңбек жолынан өтті.

1977 жылы  Днепропетровск кен институтында "Геологиялық-геофизикалық деректер кешені бойынша Қарағанды бассейні шахталарының тазарту қазбалары шатырларының орнықтылығын болжау" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

1991 жылы Ленинград кен институтының арнайы кеңесінде «Орталық Қазақстанның территориялық құрылымдарындағы кен орындарының инженерлік-геологиялық жағдайларының қалыптасу заңдылықтары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.